Павлодар облысында референдум қауіпсіздігі ерекше бақылауда

Павлодар облысында референдум қауіпсіздігі ерекше бақылауда
Фото: Айбек Жұматов

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірге жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік органдармен дайындық барысын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Рустамбек Амриннің айтуынша, референдум өткізу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел штаб өз жұмысын бастады. 

– 29 техника бірлігі, 103 жеке құрам қызметкері жұмылдырылды. Күштер мен құралдар толық дайын. Сайлау учаскелерінде референдум комиссиясының мүшелерімен өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша 521 нұсқама, дәріс және түсіндіру жұмыстары өткізілді. Барлығы 780 адам қамтылды, 850 өрт қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық таратылды, – деді Рустамбек Амрин. 

Бүгінгі күнге дейін комиссиялық тексерістер барысында 521 сайлау учаскесі қаралған. Нәтижесінде, 101 ескерту анықталып, олардың барлығы сол жерде жойылған. Негізінен бастапқы өрт сөндіру құралдарының болуы, эвакуация жолдарында бөгде заттардың болуы сияқты кезекші сипаттағы ескертулер жасалған.

Сонымен қатар эвакуация жоспарлары түзетілген, себебі кейбір ескертулердің ішінде эвакуациялық шығу жолдарының жабық болуы анықталған. Сондай-ақ барлық сайлау учаскелерінде өртке қарсы су көздерінің орналасу сызбалары да түзетілген.

Басқарма басшысы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда және төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында екенін атап өтті. 

– Бақылауды күшейту керек. Облыс аумағы шағын емес. Ара қашықтықтар да үлкен, көлік қатынасы бар. Сондай-ақ дауыс беру мәселелері, нәтижелерді жеткізу уақыты да маңызды, өйткені біз қорытындыны сіздер барлық нәтижелерді өңір бойынша физикалық түрде жеткізгеннен кейін ғана шығарамыз, – деді Нұрлан Әбдіров.

Бұдан бөлек, Рустамбек Амрин су тасқынына қарсы іс-шараларға байланысты 1 наурыздан бастап су тасқынына қарсы штаб та жұмысын бастағанын атап өтті. 

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы 15 наурызға арналған болжамға қызығушылық танытты. 

Бұл ретте, басқарма басшысы облыс қазіргі уақытта тәуекелдің орташа аймағында орналасқанын, есепте 58 елді мекен тұрғанын жеткізді.  Сондай-ақ, профилактикалық және алдын алу шаралары аясында инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылған. Жергілікті атқарушы органдар 22 іс-шараны жоспарлап, орындаған.

– Болжам бойынша оң температуралар 25 наурыздан кейін күтіледі. Қазір көктемде ауа райы бірде жылынып, бірде суып тұр, бұл бүгінгі жағдай үшін қолайлы. Қазіргі уақытта мұз қалыңдығы кей жерлерде 50 сантиметрге дейін, бұл мәселе де бақылауда, – деді ол. 

Еске сала кетейік, сайлау күні жаяу және көлікпен патрульдеу күшейтіледі, әскери қызметкерлерді қоса алғанда, қосымша полиция қызметкерлері жіберіледі. Полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және әкімдік өкілдерінен тұратын аймақтық арнайы топ ықтимал төтенше жағдайлар мен елеулі қоғамдық тәртіпсіздіктерге жедел әрекет ету үшін жіберіледі.

ҚР жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтеді.