Павлодарда ұлтаралық алауыздықты қоздыратын хабарлама жіберген ер адам сотталды
Ер адам WhatsApp желісінде қазақ ұлтының ар-намысын қорлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сот 2023 жылғы 24 сәуірде К.В.-ға қатысты ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намыс пен қадiр-қасиеттi қорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (ҚК 174-бабының 1-бөлігі).
– 2023 жылдың 1 қаңтарында К.В. масаң күйде WhatsApp мессенджерінің жалпы тобына ұлттық алауыздықты қоздыруға және қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған 3 дауыстық хабарлама жолдады, – деді баспасөз қызметінде.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденген.
К.В. кінәсін мойындады және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Аталған іс бойынша ҚК 174-бабының 1-бөлігінде негізгі жаза ретінде ең жоғары мерзім 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
– Жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығын, кінәсін толық мойындауын және шын жүректен өкінуін, асырауында екі жас баланың болуын ескере отырып, сот К.В.-ға – 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деді баспасөз қызметінде.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: ашық дереккөздерден