Еңбегі ерлікке пара-пар павлодарлық әйелдер марапатталды

Еңбегі ерлікке пара-пар павлодарлық әйелдер марапатталды
Фото: Константин Шелков

Салтанатты жиын Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бүгінде Павлодар облысында 370 мыңнан астам әйел тұрады. Білім беру саласындағы мамандардың шамамен 75 пайызы, денсаулық сақтау қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы – нәзік жандылар. Өндіріс, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызметтегі де үлестері зор.

Ал шағын және орта бизнестегі әрбір үшінші кәсіпкер – әйел. Мыңдаған ана отбасын ұйыстырып қана қоймай, ел экономикасының дамуына да үлес қосып келеді.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөзінде нәзік жандылардың қоғам мен отбасындағы рөлін атап өтті.

– Қазақ халқы «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Қызғалдақтай қыздарымыздан бастап, ақ жаулықты әжелеріміз бұл күнді ыстық ықыласпен күтеді. Сіздерге деген біздің шексіз алғысымыз әрқашан ерекше. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Жүздеріңізден күлкі кетпей, жүректеріңіз әрдайым қуанышқа толы болсын, – деді облыс әкімі.

Асайын Байханов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, қоғамдық қызметтегі белсенді өмірлік ұстанымы үшін бір топ әйелді «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Бірқатар азаматша көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, қоғамдық қызметтегі белсенді өмірлік ұстанымы үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатына ие болды.

Салтанатты кеш театрландырылған көрініске ұласты. Сұлулар қауымының алдында қазақ эстрада жұлдыздары Жанболат пен Жазира, Әлішер Кәрімов өнер көрсетті.