Павлодар облысында республикалық маңызы бар автожол жөнделуде

Ауа райының күрт өзгеруінен жол жабыны зақымдалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 маусым күні сағат 18:30 шамасында республикалық маңызы бар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ өткелі)» бағытындағы ақылы автожолдың 1265-шақырымында ауа температурасының күрт +33…+35 °C-қа дейін жоғарылауына байланысты цемент-бетон жабыны плиталарының көтеріліп кету жағдайы орын алды.
Қазіргі уақытта жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол қызметтері тарапынан уақытша жол белгілері орнатылды. Апатты аумаққа қажетті техника жіберіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Алайда осы бағыттағы басқа да учаскелерде ұзақ уақыт бойы шешілмеген ақаулар бар екені айтылуда. Жол пайдаланушыларының айтуынша, «Астана – Павлодар» автожолының 50-шақырымында бетон екі жыл бұрын шөгіп кеткен, және осы күнге дейін тек ескерту белгілері ғана қойылған. Ешқандай нақты жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Пайдаланушылардың шағымдарына «ҚазАвтоЖол» тарапынан жауап берілмей отыр.
Автожолдың түрлі бөліктерінде – Софиевка маңындағы көпірде, Ерейментау ауданында, Төртқұдық пен Шідерті бағытындағы бұрылыстарда, Екібастұз және Қалқаман маңындағы көпірлерде де асфальт пен бетон жамылғыларының шөгуі, жарамсыз күйге түсуі байқалады. Бұл жағдай Павлодар бағытына да тән. Жол бойында апатты учаскелерде тек шектеу белгілері қойылғанымен, ақаулар екі жылдан бері жойылмаған.
Жол сапасының төмендігіне қарамастан, автожолдан өту үшін 700 теңге көлемінде ақы алынуда. Бұл тек жеңіл көліктерге қатысты төлем, ал жүк көліктері үшін одан да жоғары. Жол пайдаланушылары бұл жағдайды өмірге қауіп төндіретін деңгейге жетті деп бағалап, Үкіметтен араласуды және жол жағдайын жақсартуды талап етуде.