Павлодардың бас ұстазы: Тәрбиешілердің басты мәселесі – шыдамсыздықта

Павлодардың бас ұстазы: Тәрбиешілердің басты мәселесі  – шыдамсыздықта
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сондай-ақ отбасындағы мәселелер де өз әсерін тигізбей өтпейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы  Instagram желісінде өткен тікелей эфир барысында қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин айтты.

– Тәрбиешілердің құқық бұзуына, баларға дөрекілік танытуына бірнеше фактор әсер етеді. Біз мектепке дейінгі мекемелердің басшыларымен жиналыс өткізіп, толыққанды сараптама жасап шықтық. Биыл орын алған жағдайлардың әрқайсысына тоқталып, қарап көрдік. Тәрбиешілердің мұндай іске баруына көбінесе шыдамсыздығы немесе үйіндегі мәселелер себеп болады, – дейді Қуаныш Қыдыралин.

Бөлім басшысы егер де тәрбиеші тарапынан мұндай құқық бұзушылықтар байқалған болса, жазасыз қалмайтыны сөзсіз екенін атап өтті.

– Ол үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған немесе мекеме басшысы шешім шығарады. Еңбек кодексіне сәйкес басшы қызметкерге ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс жариялауға толықтай құқылы. Кодексте белгіленген баптар бойынша қызметкерді жұмыстан бостауы да мүмкін. Ата-ана тарапынан шағымдар түсіп, тәрбиешінің жасаған заңсыздығы анықталатын болса, қылмыстық жазаға да тартылуы әбден мүмкін, – деп еске салды Қуаныш Қыдыралин.

Еске сала кетейік, Павлодарда балаларға дөрекілік танытқан тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылған. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. «Самал» оңалту орталығының қызметкері балаларға дөрекілік танытқан. Ата-аналардың шағымынан кейін қызметтік тексеру басталып, полиция іс қозғады. Ал қызметіне салғырт қараған мекеме басшысына айыппұл салынды.