Павлодар облысында салқындатылмаған күлден өрт шықты
\Үй иесі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2 қыркүйекте Железин ауданының Железинка ауылындағы жеке тұрғын үй аумағында қоқыс өртенді. Өрт 12 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрттің шығуына толық салқындатылмаған күлді төгу себеп болған. Өрт сөндірушілер жалынды жедел сөндірді. Үй иесі ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Күлді толық суытып, сумен сөндіргеннен кейін ғана қақпағы тығыз жабылатын металл ыдысқа салу қажет. Ыдыс жанбайтын негізде және құрылыстардан алыс жерде орналасуы тиіс, – деп ескертті облыстық ТЖД.
Жылыту маусымының басталуына байланысты төтенше жағдайлар қызметі жеке тұрғын үй иелерін өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды.