Павлодарда ит күзетшінің саусағын тістеп алды
Зардап шеккен ер адам сотта өтемақы талап етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс материалдарына сәйкес күзетші Достық шағын ауданындағы Ладожская көшесінде салынып жатқан нысанда жұмыс істеген. Әріптесі итті қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз жіберген кезде күзетшіні тістеп алған.
Ит зардап шеккен ер адамның оң қолын, иығын, сол қолының саусағын тістеп, жарақат келтірген.
Павлодар қаласының сотында жұмыс берушінің кінәсі бар екендігі толығымен дәлелденді. Күзетші үш миллион теңге моральдық шығын талап етті. Алайда, ЖШС иелері итті жіберген басқа күзетшіні кінәлап, жәбірленушінің өзі итке тиіскенін айтқан.
Нәтижесінде сот залал сомасын үш есе азайту туралы шешім қабылдады. Кәсіпорыннан зардап шеккен күзетшінің пайдасына бір миллион теңге өндірілді.