Павлодарда полиция көлікті өртеуге тапсырыс берген адамды анықтады
Көлікті өртеген қылмыскер алматылық болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында павлодарлық жедел уәкілдер «Toyota Land Cruser 200» маркалы автокөлікті өртеуге қатысқан адамдарды анықтады.
Павлодар тұрғыны ақшалай сыйақы үшін осы қылмысты алдын ала ұйымдастырып, жоспарлағаны анықталды. Тапсырыс беруші Алматы тұрғынына автокөлікті өртеуді ұсынған. Ал алматылық ұсынысты қабылдап, жанармай арқылы Майра көшесіндегі үйдің тұрағында автокөлікті өртеп жіберді, содан кейін қылмыс орнынан қашып кетті.
Қазіргі таңда бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер ұсталды.