Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы күрес нәтижелері жарияланды

Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы күрес нәтижелері жарияланды
Фото: Константин Шелков

Дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі 90 пайызға жуықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде шыбын-шіркейге қарсы жүргізілген дезинсекциялық науқанның қорытындысы шығарылды. Іс-шара барысында арнайы техниканың көрмесі ұйымдастырылып, өңдеу жұмыстарына пайдаланылған құрал-жабдықтар таныстырылды. Олардың қатарында ыстық тұман генераторлары, қол бүріккіштер және ұшқышсыз ұшу аппараттары болды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дезинсекциялық науқанға қатысқан барлық мамандарға – қалалар мен аудандардағы бригада жетекшілеріне және ғылыми сүйемелдеу тобының өкілдеріне алғыс айтты.

– Біз шіркейге қарсы күрес маусымын аяқтап отырмыз. Ертіс өңірі үшін бұл өте маңызды мәселе. Егер 2021 жылмен салыстырсақ, сол кезде тұрғындардан шіркейдің кесірінен серуендеуге, жұмыс істеуге, бақша күтуге мүмкіндік жоқ деген ондаған мың шағым түскен еді. Ал 2026 жылғы маусымда бар болғаны 32 шағым тіркелді. Бұл – өте жақсы нәтиже, – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, шағымдардың басым бөлігі су жайылған аумақтардан емес, қыстап шыққан жәндіктерге қатысты болған. Олар ағаш қабығынан, жертөлелерден және басқа да паналау орындарынан шығады.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, биыл дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі 85,6 пайызды құрады.

Көктемгі су тасқыны кезінде Ертіс жайылмасының 88 пайызы, яғни шамамен 300 мың гектар аумақ су астында қалған. Бірінші кезеңде әуеден өңдеу жұмыстары жүргізіліп, оған 10 әуе кемесі тартылды. Барлығы 448 ұшу орындалып, 172 мың гектар аумақ өңделді.

Әуе техникасы жете алмайтын жерлерде қол бүріккіштері бар жерүсті бригадалары жұмыс істеді. Сонымен қатар алғаш рет ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылды. Дрондар авиация да, жаяу мамандар да бара алмайтын жайылма аумақтарды өңдеуге мүмкіндік берді.

– Ағашы қалың әрі жер бедері күрделі жайылмада бір дронның өнімділігі бір ауысымда 100 гектардан асты, – деді Сағын Төлеутаев.

Науқанның тағы бір маңызды бағыты – Ертіс өзеніндегі шіркей дернәсілдеріне қарсы өңдеу болды. Бұл жұмыстар баржалардың көмегімен үш кезеңде жүргізілді. Жалпы ұзындығы 3200 шақырым су айдыны өңделді. Оның ішінде 1800 шақырымы Ертістің негізгі арнасы, 1200 шақырымы салалар мен ескі арналар.

Бірінші кезең 9-17 мамыр, екінші кезең 20-26 мамыр аралығында өтті. Үшінші кезең 5 маусымда аяқталды. Сонымен қатар елді мекендерде күн сайын қорғаныш өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Сағын Төлеутаевтың айтуынша, кейбір жағдайларда өңдеу жоспарына түзетулер енгізуге тура келген. Мәселен, Шарбақты ауданында жұмыстарды жергілікті мердігер атқарып, облыстық ғылыми топ өңдеу тәсілдерін жетілдіру бойынша ұсынымдар берген.

Науқан қорытындысы ғылыми сүйемелдеуді, әуе және жерүсті өңдеуді, сондай-ақ ұшқышсыз технологияларды біріктірген кешенді тәсілдің тиімділігін көрсетті. Облыс билігінің мәліметінше, шіркейге қарсы күрес жыл бойы жалғасады және тұрақты ғылыми бақылау мен профилактикалық шараларды талап етеді.