Павлодарлық бүлдіршіндерге Президент атынан жаңажылдық сыйлықтар табысталды
Мереке «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» тақырыбында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһардағы «Ертіс» қонақүй кешенінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңажылдық шырша өтті. Іс-шара барысында балалар Жаңа жыл ғажайыптары мен сиқырына толы әлемге саяхат жасады.


Шыршаға облыстың түкпір-түкпірінен келген 9-13 жас аралығындағы 200 бала қатысты. Олардың қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, оқу озаттары, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт пен өнерде жетістікке жеткен оқушылар, мектеп парламенттерінің мүшелері, мүмкіндігі шектеулі балалар және ата-анасының бірі мүгедек балалар бар.
Жаңажылдық шыршада облыс әкімі Асайын Байханов балаларды Президент атынан құттықтады.
– Мемлекет басшысы сіздерге үлкен үміт артуда. Сондықтан үкілі сенімнің шамшырағы болыңыздар. Биыл барлығыңыз жақсы оқып, олимпиадаларға қатысып, тамаша нәтиже көрсеттіңіздер. Ол үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің оқу, өнер мен спорттағы жетістіктеріңіз – Қазақстанның өркендеуінің кепілі. Барлық армандарыңыз орындалсын, – деді өңір басшысы.
Мерекелік бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде балалар «Жаңа жыл ғажайыптарының аттракционы» атты ойын станцияларынан өтті. Атап айтқанда: «Арманға ұшатын жаңа жылдық сапар», «VR арқылы жаңа жылдық саяхат», «Жаңа жылдық эко-фантазиялар» станциялары.

Екінші бөлімде балалар Аяз-Ата, Ақшақар, Айдаһар, өтіп бара жатқан жылдын символы Жылан және келер жылдың белгісі Жылқы және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге шырша жанында кездесіп, ән айтып, би биледі.
Шараға қатысқан балалардың бірі – Екібастұз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған білім-инновация лицейінің 7-сынып оқушысы Нұрасыл Мейірбекұлы. Ол шыршаға белгілі аниме кейіпкері Наруто киімінде келді.
– Мен бүгінгі шыршаға домбыра және фортепиано бойынша жеткен жетістіктерім үшін келдім. Астана қаласындағы өнер мектебін бітірдім, ол жерде бес жыл білім алдым. Домбырамен түрлі күйлер мен әуендер орындаймын. Әртүрлі сайыстарға қатыстым, тіпті «Астана Аренада» 30 мың көрерменнің алдында ән айттым. Бұл мүмкіндікке өте қуаныштымын, себебі мұнда Қазақстан бойынша ең үздік, өнерлі, білімді балалар жиналған. Мен солардың қатарында болғаныма мақтанамын, – деді ол.
Ал қаладағы №7 мектептің үшінші сынып оқушысы Артур Рыльский де өз тілегін жеткізді.
– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. 2026 жыл жарқын, мейірімді және ғажайыпқа толы болсын. Барлығына денсаулық, жаңа білім мен бақытты сәттер тілеймін. Сондай-ақ еліміз бен болашағымызға қамқорлық танытып отырған Қазақстан Президентіне алғыс айтқым келеді, – деді мектеп оқушысы.
Ол екі жыл бойы каратэмен айналысқанын, алайда аяғынан жарақат алып, спортты уақытша тоқтатқанын да атап өтті. Жаңа жылдық шыршаға ол анасының көмегімен таңдалған Сұлтан бейнесіндегі костюммен келген.


Мереке соңында барлық балаларға Президент атынан сыйлықтар табысталды. Олардың ішінде Президенттің құттықтау ашық хаты, танымдық кітап, жұмсақ ойыншық, тәтті сыйлықтар және 150 мың теңгелік сертификат бар.
Айта кетейік, іс-шара соңында балаларға тәтті дастархан ұйымдастырылды.