Павлодар облысында шомылу маусымы қашан ашылады?
Ертістегі су деңгейі төмендей бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті.
– Шомылу маусымы 15 маусымға дейін ашылады деп жоспарлануда. Ал су деңгейіне келетін болсақ, келесі айдың басында төмендеуі тиіс. Маусым ашылғанға дейін дайындық жұмыстары жүргізілетін болады,– дейді Темірлан Жапалбай.
Өңірде жаз кезінде 47 жағажай жұмыс істейді деп жоспарлануда. Оның ішінде 27-сі коммуналдық және 20-сы жеке болып табылады.
Айта кету керек, жаз бойы жауапты органдар еріктілермен бірлесіп, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында рейдтік профилактикалық іс-шараларын жүргізеді.