Павлодар облысында құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қандай көмек көрсетіледі?

Павлодар облысында құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қандай көмек көрсетіледі?
Фото: Константин Шелков

Өңірдегі ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жариялау жөнінде ұсыныстар түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұндай өтінішті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басшылары жолдаған. 

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев шөп дайындауы қиын жағдайға тап болғандарға жан-жақты көмек көрсету жоспары жайлы баяндады. 

Біріншіден, құрғақшылықтан зардап шеккен АШТӨ кредиттерін төлеуді ұзарту және субсидия төлеу қарыздарын өтеу үшін қосымша қаржылар бөлу мәселесі қаралуда. 

Екіншіден, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азық шығындарының құнын арзандатуды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 2  миллиард теңге бөлінді. Қосымша тағы 1  миллиард теңге бөлінеді. 

Үшіншіден, шөп шабу науқанын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.

Төртіншіден, мал азығы бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ірі АШТӨ-мен жеке аулаларды сабанмен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдар жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бесіншіден, шөп дайындау үшін жалпы ауданы 25 мың гектардан асатын мемлекеттік орман қоры жерлерінің шабындық алқаптары бөлінді (орташа өнімділігі 10,0 ц/га болғанда 25 мың тонна шөп дайындалады деп күтілуде).

Алтыншыдан, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сабан дайындау және жеткізу бойынша жақын маңдағы аудандармен келіссөздер жүргізілуде.

Жетіншіден, «Павлодар» ӘКК» АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құрылады. (Ресей Федерациясынан тоннасына 50-60 мың теңге бағамен сатып алу).

– Қазіргі таңда үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тауар өндірушілердің биылғы жылы алған несиесі мен басқа сұрақтар бойынша тізімін жасап, «Бәйтерек» холдинг және «ҚазАгроҚаржы»  АҚ-мен жұмыс істеп жатырмыз. Солтүстік Қазақстанмен байланыс орнатылды. Кеше ғана Ақжар, Қайыншы, Бұлайық аудандарындағы үлкен шаруа қожалықтарға, оның ішінде малы жоқ шаруа қожалықтарға барып,  қыстың күні резервтік қор жасау бойынша жқмыс істеп жатырмыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов. 

Асайын Байханов еттің бағасын төмендетпеу үшін шөп тапшылығы жоқ Астана мен Алматы өңірлеріне барып, етпен айналысатын ұйымдармен келіссөз жасауды тапсырды.

– Бүгінгі таңда жем-шөп тапшылығы бар екені жалған емес. Ал тауар тапшылығы орын алса, оның бағасы өседі. Бүгінде осындай жағдай орын алса, қыстағы жағдайымыз көрініп тұр. Жем-шөп тапшылығынан ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар мал сатуға дейін барады. Егер шөп тапшы болса, шаруашылықпен айналысатын тұрғындар ұрғашы малдарын қалдырып, қалғандарын сату жағын қарастырады, – дейді Асайын Байханов.