Павлодарда есту қабілеті шектеулі фотографтың жеке көрмесі ашылады

Павлодарда есту қабілеті шектеулі фотографтың жеке көрмесі ашылады
Фото: pixabay.com

24 жастағы Камиль Аллаяров өзінің фотосуреттерінде естімейтін адамдардың көзімен әлемге деген көзқарасын көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың хабарлауынша, 12 қазанда сағат 15:00-де «Айна» галереясында фотограф Камиль Аллаяровтың жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Камиль Аллаяров бала кезінен мүгедек, есту қабілеті шектеулі. Павлодар қаласының №1 арнайы мектеп-интернатында оқыды. Шығармашылық бойынша жас таланттар байқауына бірнеше рет қатысып, Калининград қаласында жүлделі орындарға ие болды. Павлодар көркемсурет мектебін бітіргеннен кейін Новосібір қаласындағы НМТУ-ға оқуға түскен еді. 

– Камиль Аллаяров портреттер, көше және пейзаждық фотосуреттер түсіреді. Фотокөрме экспозициясына автордың биыл жасаған 34 жұмысы кіреді. Көрмеде әркім өзіне бір нәрсе табады, қоршаған әлемді қабылдаудың жаңа қырларын ашады, – делінген хабарламада.  

Көрменің инициаторы және ұйымдастырушысы фотограф, «F2» фотостудияның және фотосурет мектебінің негізін қалаушы Алексей Чернышев. Сондай-ақ, Камиль Аллаяровтың туыстары да қолдау көрсетті.

Көрмені 12 қазан - 6 қараша аралығында тамашалауға болады.