Павлодар облысында «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаттары марапатталды
Аталмыш марапат дарынды әрі мақсатшыл балаларды қолдау мақсатында тағайындалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов байқау жеңімпаздарына арнайы төсбелгі мен 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы табыстап, дарынды өскелең ұрпақты қолдаудың және олардың ел болашағына қосатын үлесінің маңыздылығын атап өтті.
– «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісі - бұл сіздердің еңбектеріңізге, табандылықтарыңызға және үздік болуға деген ұмтылыстарыңызға берілген жоғары баға. Оның артында мыңдаған сағаттық оқу, жаттығу және шығармашылық ізденіс жатыр. Әрбір жетістіктеріңіз – Қазақстанның жоғары табысқа жетуінің бір бөлшегіне айналатын шағын жеңіс, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысы жас ұрпақтың білім алуына үлес қосқан ата-аналар мен ұстаздарға да алғысын білдірді. Биыл байқауға 700-ден астам өтінім түскен. Оның ішінде 331 үміткер облыстық кезеңге жолдама алды. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу қорытындысы бойынша қазылар алқасы бес номинация бойынша 100 жеңімпазды анықтады. Олар: «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік», «Кәсіби шеберлік» және «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет».


Лауреаттар қатарында батылдығымен, мейірімділігімен және белсенді азаматтық ұстанымымен көзге түскен оқушылардың орны ерекше. «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» номинациясында волонтерлік бастамаларға қатысушылармен қатар, өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарамай, батыл әрекет еткен жас өрендер де марапатталды. Мәселен, Павлодар қаласындағы Кенжекөл жалпы орта білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Әлтайыр Үйсімбаев суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін сыйлыққа ие болды. Ал Павлодар қаласындағы Ш. Шөкин атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Даниил Фрикин суға батып бара жатқан баланы құтқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін марапатталды.
«Тәуелсіздік ұланы» облыстық сыйлығы жас дарындарды қолдауға бағытталған. Жас өрендердің бір бөлігі ғылым, шығармашылық және спорт салаларындағы жетістіктері үшін марапатталса, енді бір бөлігі қоғамдық белсенділігімен және батылдықты талап ететін әрекеттерімен ерекшеленді. Олардың барлығы өздерінің іс-әрекетімен ел болашағы жас ұрпақтың бастамашылдығына, жауапкершілігіне және қоғам игілігі үшін еңбек етуге деген ұмтылысына тікелей байланысты екенін көрсетіп отыр.