Павлодар облысында 65 жыл бұрын салынған балабақша қайта жаңғыртылды
60 орынға негізделген нысанға жөндеу жұмысы осыдан15 жыл бұрын жүргізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде мектепке дейінгі білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда. Мәселен, Павлодар ауданына қарасты Чернорецк елді мекеніндегі 60 орындық «Ақ бота» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді.
Балабақшаны жаңғыртуға облыстық бюджеттен 254 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары мамыр айының басында басталып, қазіргі уақытта толық аяқталған.
1961 жылы салынған ғимарат бұған дейін 2010 жылы жаңғыртылған. Алайда соңғы жылдары нысанның ішкі температурасына қатысты мәселелер туындап, ата-аналар тарапынан жөндеу жүргізу туралы ұсыныстар айтылған.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен бөлінген қаражат есебінен балабақшаның шатыры, қасбеті, есік-терезелері, жылыту және электр жүйелері, ішкі қабырғалары, едені мен санитарлық тораптары толық жаңартылды.
— Ғимараттың сырты жылу оқшаулағыш материалмен қапталып, кейін сайдингпен әрленді. Шатыры қалың профлистпен жабылды. Жылыту және электр жүйелері толығымен ауыстырылды. Акт және спорт залдарының қабырғалары қосымша кірпішпен қаланып, терезелері қалыңдатылды, - делінген хабарладама.
Жөндеу жұмыстарын «NamysStroi-Group» ЖШС жүргізді. Жоба аясында ауыл тұрғындары да құрылыс жұмыстарына тартылып, уақытша жұмыспен қамтылды.
Қазір балабақшада жиһаздар жеткізіліп, орналастырылуда. Үш топта 60 бала мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамтылған. Қажеттілікке қарай топтар санын көбейту мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетелік, балабақшаға бір жас үш айдан асқан балалар қабылданады. Биыл 19 бүлдіршін балабақшамен қоштасса, 17 баланың құжаттары рәсімделіп, қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Жөндеу кезеңінде демалысқа жіберілген бүлдіршіндер енді жаңарған, жылы әрі жайлы «Ақ бота» балабақшасына қайта оралады. Жаңғыртылған нысан ауылдағы балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.