Павлодар облысының бейіндік лагерьлерінде балалар кәсіби бағдар алады

Бұл Жұмысшы мамандықтар жылының ерекшелігіне орай ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мектеп жанындағы 334 лагерьде 38 155 оқушы, сонымен қатар 382 бейіндік лагерьде 52 240 оқушының жазғы демалысындағы бос уақыты қамтылады. Жұмысшы мамандықтар жылына орай техникалық білім беру ұйымдарында бейіндік лагерьлердің саны артты. Атап айтқанда 25 колледж жанында 625 оқушының қамтылуымен бейіндік лагерьлер жұмыс жасайтын болады.
– Бейіндік лагерьлер ашылғанда балалар қандай мамандықтарды болашақта игеруіне байланысты алдын ала бейімдеу болады. Мысалы, колледж IT немесе ауыл шаруашылығы бағытында болса, онда сол мамандыққа қатысты кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі. Оған әр мектеп оқушылары, жоғарғы сынып оқушылары жазылып, қатыса алады, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.
Бейіндік лагерьге барғысы келетін оқушылар мектеп әкішілігіне өтініштерін қалдырады. Кейін білім ордасы колледждермен байланысып, келіседі. Бүгінгі күні негізгі құрам жасақталды, бірақ қабылдау әлі де жүргізілуде.
– Негізгі мақсат – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында балалардың көзқарасын өзгерту, сол мамандыққа шақыру болып табылады. Ал мектеп жанындағы бейіндік лагерьлер бұрыннан қалыптасқан үрдіс, – деді Самал Айтқазина.
Айта кетейік, білім басқармасы ерекше қабілеті бар балаларға да назар аударып жатыр: 13 қала мен аудан орталықтарында психологиялық-педагогикалық түзу кабинеттерінде 200 баладан астам баланың бос уақыты қамтылады.
Төрт арнайы мектепте 137 балаға бейінді лагерь жұмыс жасайтын болады.