Павлодар облысында жалпыоблыстық сенбілік өтті
Сенбілік кезінде облыс орталығында аулаларды абаттандыру стратегиясы өзгергені айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тазалық марафонына көпқабатты және жеке үйлердің мыңдаған тұрғындары, ПИК және бизнес өкілдері қосылды. Оған жастармен, еріктілермен, депутаттармен және мемлекеттік мекемелердің ұжымдарымен бірге облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Өңір басшысы Металлургтер саябағына ағаш отырғызуға қатысты, мұнда қала билігі облыс орталығын көгалдандыру жоспарын таныстырды. Қала әкімі болған кезінде Асайын Байханов көгалдандыру тәсілін айтарлықтай өзгерткен еді. Егер бұрын Павлодарда жылына 1000-ға дейін ағаш отырғызылса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 20 000 түп ағашты құрады. Биыл облыс орталығында отырғызылатын жаңа көшеттердің саны 27 мыңға дейін жеткізіледі.
- Өңір басшысы жаңа көшеттерді отырғызып қана қоймай, олардың өмір сүру деңгейі мен суару сапасын мұқият қадағалап, қала саябақтарында автоматты суаруды енгізуді жалғастыруды тапсырды. Бүгінгі таңда мұндай жүйе 4 саябақта бар, жақын арада тағы екі автоматты суару жүйесі іске қосылады, - деді баспасөз қызметінде.
Сенбіліктер көпқабатты тұрғын үйлердің көптеген аулаларында өтті. Ломов көшесі, 181/1 үйінің тұрғындары да үндеуге қолдау білдірді, оларға көмек ретінде спорт қауымдастығы да қосылды. Тазалық марафонына қатысу нағыз аула мерекесіне айналды, онда тұрғындар дастархан жайып, палау дайындады.
- Павлодар қаласын абаттандыру әлі де нашар дамыған, - деді Асайын Байханов. – Өткен жылы 175 ойын алаңын орнаттық. Алдымызда орталықтан алыстау орналасқан аулаларды абаттандыру міндеті тұр. Олар бойынша біз қазір жоспарларымызды қайта қарап жатырмыз. Екінші Павлодар, Саяжай және басқа да шағын аудандармен көбірек айналысамыз.
Облыстық сенбілікке облыстың барлық қалалары мен аудандарының тұрғындары қатысып, ешкім шетте қалмады. Бірлескен күш-жігердің арқасында мыңдаған ағаштар мен бұталар отырғызылды, үй ішіндегі аумақтар тазартылды, сондай-ақ, саябақтарды ретке келтіре отырып, ескерткіш орындарына назар аударылды.
Фото: Валерий Бугаев