Павлодар облысының бас имамы: Рамазанда асты ауызашарда берген дұрыс
Аймақтың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қасиетті Рамазан айында ас беру дәстүрін өткізу тәртібіне қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бас имамның айтуынша, халқымызда қайтыс болған адамның қырқына, жүзіне, жылына арналған ас беру мен Құран бағыштау дәстүрі бұрыннан бар. Дегенмен, қасиетті айда мұндай шараларды ұйымдастыруда шариғат талаптарын ескеру қажет.
– Қасиетті Рамазан айында назар аударатын маңызды мәселелердің бірі – ас беру дәстүрі. Алайда Рамазан айында күндізгі уақытта асқа байланысты шараларды өткізу шариғат тұрғысынан құпталмайды. Сондықтан жаназаға қатысты қырқы, жүзі немесе басқа да астар болса, оларды ауызашар уақытында өткізген дұрыс, – деді бас имам.
Сондай-ақ ол кей жағдайда тұрғындар арасында асты күндіз және кешке бөліп беру кездесетінін атап өтті.
– «Аузы берік емес адамдарға күндіз, ауыз бекіткендерге кешке береміз» деп бөліп өткізу жағдайлары да кездеседі. Рамазан айында мұндай бөліп-жару дұрыс емес. Ас беру бір уақытта, яғни ауызашарда ұйымдастырылғаны жөн, – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.
Имамның айтуынша, егер белгіленген күнге сәйкес келмей жатса, асты бір-екі күнге шегеріп, кешкі уақытта өткізуге болады. Негізгі мақсат – жаназаға қатысу, ал ас беру рәсімін ауызашарға қалдырған абзал.
Сонымен қатар, ол асхана иелерін де Рамазан айында берілетін астарды ауызашар уақытында ұйымдастыруға ықпал етуге шақырды.
Бас имам жамағатты қасиетті айда бірлікті сақтап, тәртіпті бұзбауға және сауапты істі ойлап әрекет етуге үндеді.