Павлодар облысында жарты миллион шаршы метрге жуық баспана салынады
Бір бөлігі қоғамның әлжуаз топтарына беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңес барысында өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук облыстың он айда қол жеткізген көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуына қарағанда, өңір барлығы дерлік макроэкономикалық индикаторлар бойынша оң динамикаға ие. Қалыс қалған ауыл шаруашылығы ғана.
- Себеп – биылғы жазда болған қуаңшылық. Агроөнеркәсіптік кешеннің өндіріс көлемі егіншіліктегі теріс көрсеткіштерге байланысты 10 процентке төмендеді. Дәнді, майлы дақылдар мен көкөністер шығымы азайды. Сонымен бірге, былтырғымен салыстырғанда мал шаруашылығы сегіз процентке өскен: ет өндірісі 13,6%, ал сүт – 4,5% артқан, - деді Ирина Назарчук.
Өнеркәсіпте 2,5 триллион теңгеге өнім өндірілді. Құрылыс саласында 230 миллиард теңгеге жұмыс атқарылды. Облыс бойынша 230 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
Жалпы өңір көлемінде биыл 490 мың шаршы метр баспана пайдалануға тапсыру көзделуде.
Оған дейін Павлодарда тұратын қоғамның әлжуаз топтары үшін 198 пәтер сатып алуға екі миллиард теңгеден артық қаражат бөлінгені хабарланған еді. Тағы 700 миллион теңгені облыс орталығы мен Екібастұзда екі кредиттік үй салуға жолданады.
Фото: Константин Шелков