Железин ауданының Веселая роща ауылында мәдениет үйі мен жолдар жөнделуде
Көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов мәлім етті.
– Облыстық бюджет қаражаты есебінен Уәлиханов ауылына екі кірме жол жөнделді. Кірме жолдардың жалпы ұзындығы – 8 шақырым. Бұл мақсаттарға шамамен 385 миллион теңге жұмсалды, – деді аудан әкімі. – Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 93 пайызды құрады.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Веселая роща ауылында көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Алты көшеде ұзындығы 3,5 км жол асфальтталды.
Жалпы аудан бойынша автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы – 835 км, оның ішінде: республикалық маңызы бар – 65 км, облыстық маңызы бар – 49 км, аудандық маңызы бар – 298 км, кентаралық және көше жолдары – 423 км.
– Сонымен қатар, осы ауылда жоба бойынша мәдениет үйі мен мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық мәдениет үйінде орындалған жұмыс көлемі 70% құрады, – деді Айтуған Шайхимов.
Оның сөзінше, мектеп ғимаратын жөндеу аяқталуға жақын. Орындалған жұмыс көлемі шамамен 90 %-ды құрайды. Жұмыстарды ағымдағы жылдың 20 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда.