Павлодар облысының оңтүстігінде маңызды спорт нысаны ашылды
Кешен облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен бой көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы жұмыс сапарымен Май ауданына келді. Аудан орталығы Көктөбе ауылында барлық стандарттарға сай жүзу бассейні ашылды. Жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бағдат Отаровтың сөзіне қарағанда, жаңа нысанның жүзу айдынының ұзындығы 25 метрлік төрт жолақтан тұрады, тереңдігі 1,5 және 2,1 метр.
- Бір уақытта 14 бала жүзумен айналыса алады, - дейді педагог. – Бұрын балаларымыз тек жазда ғана жүзуге мүмкіндігі болатын, қазір қысы-жазы спортпен шұғылдана алатын болды. Сол үшін облыс басшылығына алғысымыз шексіз.

Жүзумен айналысамын деушілердің қарасы қалың: қазірдің өзінде 15 бала жазылып, медкомиссиядан өтті. Екі жаттықтырушы жұмысқа қабылданды.
- Бұрын бала кезімде жүзумен айналысқанымда аптасына бір рет қаладағы бассейнге барып жаттығатынбыз. Қазір жағдай жасалды, аптасына үш рет жүземіз. Өте қуаныштымыз, - дейді көктөбелік мектеп оқушысы Әлішер Қуанханов.
Бағдат Отаровтың айтуынша, мұнда ересектер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар да спортпен айналыса алады. Ересектер үшін бассейн кешкі жетіден түнгі онға дейін жұмыс істейді. Кіру 700 теңге.