Павлодар облысында жас дәрігерлерге қолдау күшейтілуде
Бұл іске перинаталдық орталық ерекше үлес қосуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тарту және оларды өңірде тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы тиімді тәжірибенің бірі – облыстық перинаталдық орталығы. Мұнда жас дәрігерлерге кәсіби дамумен қатар әлеуметтік қолдау да көрсетіледі. Облыстық перинаталдық орталық директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Инесса Высоцкаяның айтуынша, жас мамандарды қолдау олардың еңбек жолы басталмай тұрып-ақ қолға алынады.
Павлодар облысында әкім гранты арқылы резидентурада білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Өңір қаржысы есебінен оқуды аяқтаған дәрігерлер кейін облыстың медициналық ұйымдарында еңбек жолын бастап, бірнеше жыл бойы өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде қызмет етеді.
Бұдан бөлек, перинаталдық орталық өз тарапынан да қосымша қолдау көрсетеді. Жас мамандарға тұрғын үй іздеуге көмектесіп, жалдау ақысының бір бөлігін өтейді. Ал жас отбасылар үшін балаларын балабақшаға орналастыруға қолдау көрсетіледі.
- Біз жас кадрларды тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз және әрдайым олардың мәселелерін шешуге қолдау білдіреміз, – дейді Инесса Высоцкая.
Орталықта кәсіби бейімделуге де ерекше көңіл бөлінеді. Перинаталдық қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Сондықтан жас дәрігерлер тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен жұмыс істеп, күнделікті тәжірибе арқылы кәсіби шеберліктерін шыңдайды.

Осындай жас мамандардың бірі – акушер-гинеколог дәрігер Гүлайым Қаббасова. Ол Абай облысының Семей қаласында дүниеге келген, медициналық университетті тәмамдап, интернатура мен резидентураны Павлодар облыстық перинаталдық орталығының базасында өткен. Кейін осы мекемеде еңбек жолын жалғастыруды таңдаған. Дәрігердің айтуынша, акушерлік мамандығын саналы түрде таңдаған.
- Акушерлік – ерекше мамандық. Бұл салада дәрігер хирург та, эндокринолог та, терапевт те, психолог та болуы керек. Қажет кезде неонатологтың да қызметін атқарады. Осындай жан-жақтылығы үшін осы мамандықты таңдадым, – дейді Гүлайым Қаббасова.
Өңірдің денсаулық сақтау саласында жас мамандарды әлеуметтік қолдау, тәлімгерлік жүйесін дамыту және кәсіби өсуге жағдай жасау кадрлық саясаттың маңызды бағыты болып қала береді. Мұндай шаралар Павлодар облысына білікті жас дәрігерлерді тартуға және олардың өңірде тұрақтап, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.