Павлодар облысында Жаяу Мұсаның 190 жылдығы ауқымды айтыспен тойланбақ

Мойылды шатқалында МузАРТ тобы ән салады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тамыздың 15-16 күндері қазақтың ән өнерінің алыбы, әнші-сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар ұйымдастырылады.
15 тамыз күні таңғы сағат 10:00-де облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында ұлттық өнерді ұлықтайтын республикалық деңгейдегі дәстүрлі әншілердің байқауы өтеді. Еліміздің әр өңірінен келген жезтаңдай әншілер бақ сынайды.
Қазылар алқасында – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, елімізге танымал өнер жұлдыздары Ерлан Рысқали мен Клара Төленбаева бар.
Ал 16 тамыз күні сағат 11:00-де Баянауыл ауданындағы Мойылды шатқалында «Үш дәуірдің айтысы» басталады.
Сахнада сөз сайысына кіл мықтылар түспек – Серік Құсанбаев, Жұмкен Сейітов, Алтынгүл Қасымбекова, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатай.
Сондай-ақ, дәл осы күні Мойылды шатқалында Қазақстан эстрада жұлдыздары мен аймақ өнерпаздарының концерті өтеді. Кеш қонағы – әйгілі МузАРТ тобы.