Соңғы үш жылда Екібастұзда инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілді
Бұл мақсатқа 224 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесу барысында биыл іске асқан жұмыстарға тоқталып, нәтижелермен бөлісті.
Өңір басшысының айтуынша, қала дамуын сөз еткенде ең алдымен ондаған жыл бойы қордаланып келген өзекті мәселелерді шешуге назар аударылды.
– Бірінші кезекте Екібастұз ұзақ уақыт бойы тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылыммен өмір сүріп келді. Жылу желілері, су құбырлары мен энергетика нысандары күрделі жаңғыртуды қажет етті. Бұл жағдай әрбір үй мен әрбір отбасының тұрмысына тікелей әсер етті: жиі орын алатын апаттар, жылу мен ыстық судың үзілуі, күрделі өткен жылыту маусымдары тұрғындардың орынды алаңдаушылығын тудырды, – деді Асайын Байханов.
Оның атап өтуінше, дәл осы мәселелер халық үшін ең маңызды болғандықтан, жүйелі жұмыс ең алдымен инженерлік инфрақұрылымды жаңартудан басталған. Соңғы үш жылда төтенше жағдайларға жедел әрекет етуден жоспарлы әрі кезең-кезеңімен жаңғыртуға көшуге мүмкіндік туды.
Осы кезеңде қаладағы ең проблемалы алты жылу магистралі қайта жаңғыртылып, олардың жалпы ұзындығы 21 шақырымнан асты. Сонымен қатар ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын жаңа ЖМ-7/1 жылу магистралі салынды. Бұл желі жылумен қамту сенімділігін арттыру үшін қосымша көз ретінде іске қосылып, Степная көшесінен Торайғыров көшесіне дейінгі аумақта қолданыстағы желілерге түсетін жүктемені қайта бөлуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, тозу деңгейі мен апат қаупі жоғары болған аумақтарда 100 шақырымнан астам жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қатарынан Екібастұз жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары да жүзеге асырылып келеді. Бұл нысан – қаланы жылумен қамтамасыз етудегі негізгі стратегиялық объект.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Екібастұз қаласының жылумен қамту жүйесін жаңартуға шамамен 80 миллиард теңге инвестиция салынды.
Аймақ басшысы бүгінде қабылданған шаралардың нақты нәтижесін көрі мүмкін болғанын атап өтті. Жылыту маусымы тұрақты өтуде. Бұрын үйлерінде суық болғанына шағымданған Көшербаев, Абай, Торайғыров және Беркімбаев көшелерінің тұрғындарынан жаппай наразылық түспей отыр. Қазір бұл аумақтардағы халық жылумен қамту сапасына қанағаттанған.