Павлодар облысында жүк тасымалдаушыларға айыппұл төлеу тәртібі түсіндірілді

Павлодар облысында жүк тасымалдаушыларға айыппұл төлеу тәртібі түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Рұқсат етілген салмақтан асырғаны үшін салынған айыппұлды жеті тәулік ішінде 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде автомобиль тасымалымен айналысатын бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Онда ауыр және ірі көлемді жүктерді тасымалдау, самосвалдардың жүк жеткізуі, жолаушылар тасымалы және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері талқыланды.

Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Марат Тілегенов жүк көліктерінің осіне түсетін салмақ белгіленген нормадан аспауға тиіс екенін ескертті.

– Бұл үдеріс жүк жөнелтушіден басталады. Қанша тонна жүк тасымалдау керектігін алдын ала біліп, артық салмаққа жол бермеу қажет. Өйткені шамадан тыс жүктеме асфальт жабынына зиян келтіреді. Сондықтан жүк массасының белгіленген нормадан аспауын қамтамасыз ету үшін тиісті қағидалармен танысып, олардың талаптарын сақтау керек, – деді Марат Тлегенов.

Оның айтуынша, заңнамада рұқсат етілген салмақтан бес, он және одан да көп тоннаға асып кеткен жағдайларға әртүрлі айыппұл қарастырылған. Жүргізуші немесе компания жүктің артық екенін білмеген жағдайда да жауапкершіліктен босатылмайды.

– Егер компанияға тиесілі самосвал рұқсат етілген салмақтан «білместікпен» асып кетсе де, тасымалдаушыға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Дегенмен артық салмақ үшін салынған айыппұлды жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік берілуі мүмкін, – деді ол.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, мемлекеттік органдардың өкілдерінен түсініктеме алды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам мұндай кездесулер тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Мемлекет те қолданыстағы нормаларды барынша кеңінен әрі түсінікті түрде түсіндіруге мүдделі. Бұл бизнестің тас жолдарда қауіпсіз жұмыс істеуіне, ал жолдардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді, – деді Айдос Шайхислам.

Көліктік бақылау инспекциясы кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнатып, тасымалдау талаптарына қатысты сұрақтарға жауап беруге дайын екенін жеткізді.