Павлодарлық бизнесмендерді жалған импортпен айналысудан бас тартуға шақыруда

Павлодарлық бизнесмендерді жалған импортпен айналысудан бас тартуға шақыруда

Мұндай іспен айналысқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде сөйлеген Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ЕАЭО жанындағы ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Есенгелді Қадрин айтты. Ай сайын департамент коммерциялық жүкті тиеген 11-18 мың көлікті қадағалайды. Солардың 30 проценті астық тасымалдайды.

- Шекарада орналасқан автопосттардан асқан кезде кәсіпкерлер құжаттарында Ресейден әкеле жатқан жүгінің құны мен көлемін төмендетіп көрсетеді. Бұл қосымша құн салығын аз төлеу үшін жасалынды. Мысалы, әрбір кейбіреулер тоннасына 3-4 мың рубль деген баға көрсетті, мұндай баға Ресейдің өзінде жоқ, - деді Есенгелді Қадрин.

Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін мемлекеттік кіріс департаменті 2022 жылдың соңында импортталатын астық бағасын сегіз мың рубльге дейін көтеруге күшін салды. Нәтижесінде қазынаға 439 млн теңге қосымша кіріс кірді. 

Әрі қарай жалған импорттаушылар тіпті бірде-бір гектар учаскесі жоқ шаруа қожалықтарынан шот-фактура алып, астыққа «қазақстандық» мәртебе бекітеді. Кейін қазақстандық болып өзгерген ресейлік астық льготаны пайдаланып, үшінші елдерге тасымалданады. Мысалы, 2021-2022 жылдары павлодарлық фирмалардың бірі Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстан елдеріне сегіз мың тонна көлемінде ресейлік астықты экспорттап, 1 млрд теңгеден артық пайдаға кенелген. 

Осы орайда, Есенгелді Қадрин бұрыс жолға түспей тұрған кәсіпкерлерді мұндай істер үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

- Меніңше, мұндай келеңсіздіктерге бармай тұрып импорттаушыларға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескерткен жөн, - дейді Есенгелді Қадрин. – Бүгінде барлығы ашық, сондықтан жалған экспорттаушылар мен импорттаушыларды анықтау қиын емес. Мұндай оқиғаларды әшкерелеуге небары бір ай кетеді.

Шаруа қожалықтарының электрондық шот-фактураларды заңсыз жазу фактілеріне жүргізілген талдау барысында 2022 жылы сот органдарына 44,5 млрд теңге сомасына жалған мәмілелер деп тану бойынша 45 талап-арыз жолданды.

Фото: Ольга Бугаева