Павлодарда халық үшін электр энергиясының тарифі өзгеріссіз қалды

Павлодарда халық үшін электр энергиясының тарифі өзгеріссіз қалды
Фото: Константин Шелков

Павлодарда халық үшін электр энергиясының тарифі бұрынғы деңгейде сақталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында электр энергиясына қатысты жаңа шекті баға 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл туралы «Коммуналдық сектордағы тариф қалыптастыру саясаты» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу Комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов мәлімдеді.

Нұрлан Нұрмұратовтың мәліметінше, электр энергиясының орташа босату тарифі 6,7%-ға өсіп, 1 киловатт-сағат үшін 34,76 теңгені құрады. Алайда бұл өзгеріс халыққа әсер етпейді – тұрмыстық тұтынушылар үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталды.

Департамент өкілдерінің айтуынша, бюджеттік ұйымдар үшін тариф 3,08%-ға, ал өзге тұтынушылар үшін 13,55%-ға өсті.

Бастапқыда электр энергиясын жеткізуші кәсіпорын тарифті 37,81 теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Алайда екі айға созылған сараптама барысында департамент кәсіпорынның шығындарын қайта қарап, олардың бір бөлігін негізсіз деп таныған. Соның нәтижесінде ұсынылған өсім қысқартылып, орташа тариф 34,76 теңге деңгейінде бекітілді.

Тарифтің өсуіне электр энергиясын тасымалдау қызметтерінің қымбаттауы, электр қуаты нарығындағы шығындардың артуы және бұрынғы кезеңдердің шығындарын өтеу қажеттілігі себеп болған.