Павлодарлық жас химиктер халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды
                                    Олимпиада Ұлытау облысында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушылары химия пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада үздік нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты.
Ұлытау облысында алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған Қаныш Сәтбаев атындағы олимпиадаға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің 9-11-сынып оқушылары қатысып, теориялық және эксперименттік турларда бақ сынады.
– Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша Дәрия Бектұрсын қола медаль мен үшінші дәрежелі дипломға ие болды. Ал Латифа Ахметова жоғары нәтиже көрсетіп, Құрмет грамотасымен марапатталды, – деді облыстық білім басқармасынада.
Бұл жетістік – павлодарлық оқушылардың ғылымға деген қызығушылығы мен терең білімінің айғағы. Жас химиктерге қолдау көрсеткен ұстаздары мен ата-аналарына алғыс айтылды.