Павлодар облысының еңбеккерлері төрт миллиардқа баспана алуға ниетті

«Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанына бір ай болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алғашқы нәтижелер туралы «Отбасы Банкі» АҚ Павлодар филиалының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламов айтты. Оның айтуынша, бүгінге дейін облыста жалпы сомасы төрт миллиард теңгеден астам несие алуға 174 өтініш түскен.
- Сомалар бойынша шектеулер бар, мысалы, Павлодар облысының тұрғындары үшін несиенің максималды сомасы 30 миллион теңгеге дейін, - дейді Арман Нұрғаламов. – Оның үстіне Қазақстанның кез келген жерінен баспана сатып алуға болады. Павлодарда және басқа облыс орталықтарында тек жаңа үйлерді ғана сатып алуға рұқсат етіледі, Ақсу, Екібастұз сияқты моноқалалар мен аудандарда екінші нарықтағы пәтер сатып алуға болады.
Жаңа ғимараттардан тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы төлем несие сомасының он пайызын, ал екінші нарықтағы үй үшін бастапқы жарна 20 пайыз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жылдық мөлшерлеме жеті пайыз, қалғандары үшін тоғыз пайыз мөлшерінде белгіленді. Сондай-ақ жас шектеулері бар. Бағдарламаға 18 бен 64 жас аралығындағы ел азаматтары қатыса алады.
Қатысу үшін өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде баспанасы болмауы керек.
17 наурызда басталған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы салаларының қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуге арналған. Бағдарлама бес жылға созылады.
Айта кетейік, 25 мамырдан бастап барлық қазақстандықтар тұрғын үй кезегіне тұра алады. Бұрын мұндай құқыққа азаматтардың жекелеген санаттары ғана ие болатын.