Павлодарлық студенттер есту қабілеті нашар адамдарға арналған қосымша әзірледі

Павлодарлық студенттер есту қабілеті нашар адамдарға арналған қосымша әзірледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

SAMGA қосымшасы ауызекі сөйлеуді мәтінге және анимациялық ым тіліне аударады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжінде есту қабілеті нашар адамдарға арналған SAMGA мобильді қосымшасының тұсаукесері өтті. Жоба ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға және күнделікті қарым-қатынасты жеңілдетуге бағытталған.

– Смартфонға орнатылған қосымша адамның ауызекі сөзін мәтінге айналдырып, кейін оны анимациялық ым тіліне аударады. SAMGA қазақ және орыс тілдерінде интернетке қосылмай-ақ жұмыс істейді және қарапайым интерфейспен жабдықталған, – деп түсіндірді колледждің баспасөз қызметі.

Жобаны колледж студенттері Илья Кривошапов пен Дидар Рамазанов оқытушы Светлана Олейниктің жетекшілігімен әзірледі.

SAMGA идеясы өткен жылы колледж базасында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға толық бейімделген сайлау учаскесін құру тәжірибесінен туған. Алғашында қосымша сайлау кезінде есту қабілеті нашар адамдарға көмек көрсету үшін әзірленсе, кейін оның мүмкіндіктерін басқа да өмірлік жағдайларда қолдануға болатыны анықталған.

– Қазіргі уақытта әзірлеушілер негізгі функциялары жұмыс істейтін прототипті (MVP) дайындап қойған. Келесі кезеңде бағдарлама жетілдіріліп, ым тілі аудармасының базасы кеңейтіледі және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қатысуымен пилоттық сынақ өткізіледі, – делінген хабарламада.

Тұсаукесер барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Зоя Морозова қосымшаға дайын сөз тіркестерін сақтау функциясын енгізуді және ым тіліне аудару кезінде сөздер арасындағы үзілістерді реттеуді ұсынды.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлсім Сюендықова бүгінде Қазақстанда мұндай мүмкіндіктерді ұсынатын балама қосымша жоқ екенін атап өтті.

Айта кетейік, SAMGA жобасы Ақпараттық технологиялар колледжінде қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы болып табылады. Колледж директоры Серік Джартыбаев өңірдегі халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде цифрлық инклюзияны дамытуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді.