Павлодар облысында ұлттық жобаға қатысушылардың саны көбейді
Жалпы грантқа ниет білдірушілерден 132 өтінім қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нуркимбаев айтты.
– Грантқа 1-5 маусым аралығында іріктеу жүргізілді. Конкурсқа жалпы 132 өтінім жіберілген болатын. Нәтижесінде 17 жеңімпаз анықталды. Олар Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Ақтоғай, Успен, Шарбақты ауданынан, – дейді Сағыныш Нуркимбаев. – Көбінесе кәсіпкерлер ауыл шаруашылық, өңдеу өнеркәсібі және туризм салаларында бизнес жобаларды іске асырады.
Спикердің айтуынша, 2013 жылдан бастап облыс бойынша 578 млн теңгеге 171 грант бөлінді.
– Өткен жылмен салыстырған бөлінген қаражат аз болды. Ағымдағы жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың шешімімен сомма ұлғайтылды, – деп атап өтті Сағыныш Нуркимбаев. – Жобалар жаңашылдық, тиімділік, дайындық дәрежесі, жеке инфрақұрылымның болуы, аталмыш жобаның басқа аналогтардан артықшылығы, экономикалық орындылығы, жобаның таныстырылымы сияқты бағыттар бойынша бағаланды
Ұлттық жобаға қатысушылардың жас контингенті 18 жастан 35 жасқа дейін. Өтінімдерді қабылдау «Kezekte.kz» сайт арқылы онлайн режимде өтті. Барлық баяндамалар мен қатысушылардың таныстырылымдары Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының instagram әлеуметтік парақшасында сақталған.
Еске сала кетсек, гранттар 2021 жылдан бастап Ұлттық жоба аясында берілді. Бұған дейін гранттар Бизнестің жол картасы аясында 2013 жылы ұсынылған еді.