Павлодар облысы мемлекеттік қызметшілерінің әлеуеті жоғары – Ержан Қарымсақов
Өңірдегі мемлекеттік қызметшілер жылда республикалық байқауда жүлде алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олар қызметтен тыс уақытта да моральдік-әдептілік нормаларын ұстануы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов мемлекеттік қызмет жайлы сөз тарқатты.
– Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі мінез-құлқын реттейтін жеке нормативті-құқықтық акт көзделмегенін атап өту қажет. Алайда, мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексіне сәйкес, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдік-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс, – дейді Ержан Қарымсақов.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызметке кәмелеттік жасқа толған кез келген азамат орналаса алады, дегенмен бірнеше шарт қарастырылған. Мемлекеттік қызметке кемінде он сегіз жастағы Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер мен мемлекеттік қызметке кіру шарттары бар. Сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер азаматтар белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс тәжірибесі мен білімі бойынша сәйкес келуі тиіс.
– Жалпы республикада павлодарлық мемлекеттік қызметшілердің әлеуеті жоғары. Өйткені мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық деңгейде өтетін түрлі конкурстарда жүлделі орындарды қоржынға салады. Мысалы, 2018 жылы – 2 қызметкер, 2020 – 1 адам, 2022 жылы – 1 адам және 2023 жылы – 1 адам «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атағын алған, – дейді Ержан Қарымсақов.
Айта кетейік, 23 маусымда әлем елдерінде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл туралы резолюция 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 сессиясында 23 маусымда қабылданған болатын. Ал 2013 жылы ҚР Президенттің Жарлығымен елімізде бұл күн мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді.