Павлодарда өртке қарсы мобильді кешен құрастырылды

Павлодарда өртке қарсы мобильді кешен құрастырылды
Фото: Никита Попов

«QAZPROMPV» компаниясы генераторлар өндірісі мен жаңа мобильді өрт сөндіру жүйесін локализациялау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Компанияның негізгі бағыты – дизель және бензин генераторларын өндіру, жеткізу және қызмет көрсету. Кәсіпорын өнімді «толық дайын күйінде» шығарады және қазіргі уақытта Қазақстанның тауар өндірушілер тізіліміне енгізілу рәсімінен өтуде.

Компания директоры Никита Поповтың айтуынша, өндіріс толық цикл бойынша ұйымдастырылған. Құрамдас бөлшектер Қытайдан жеткізілгенімен, барлық негізгі өндірістік процестер Қазақстан аумағында жүзеге асырылады. Мамандар корпустарды құрастырып, электр жүйелерін қосады, инженерлік желілерді орнатады, жобалау жұмыстарын жүргізеді және генераторлық қондырғыларды толық іске қосады.

– Бұл тәсіл – генераторды жобалаудан бастап толық дайын өнімге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Генераторлар әртүрлі салада сұранысқа ие. Негізгі тұтынушылар қатарында мемлекеттік мекемелер, ауруханалар, емханалар, әскери құрылымдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар бар. Сонымен қатар, электр энергиясы жиі үзіліп тұратын өңірлерде жылжымалы генераторларға сұраныс жоғары, – дейді Никита Попов. 

Ерекше назар аударатыны – автоматтандырылған іске қосу жүйесі. Электр қуаты сөнген жағдайда генератор бірнеше секунд ішінде өздігінен қосылып, нысанды электрмен қамтамасыз етеді.

Биыл компания алғаш рет Астанада өткен «Ұлттық өнім» көрмесіне толыққанды қатысушы ретінде қатысып, өз өнімдерін таныстырды. Бұған дейін кәсіпорын көрмелерге тек келуші ретінде қатысып келген.

Көрмеде төрт негізгі өнім түрі ұсынылды. Олардың ішінде дәнекерлеу үстелдері, өндірістік корпустар және жаңа өрт сөндіру жабдықтары бар. Сондай-ақ көрме барысында контейнерлер мен қорғаныс қаптамаларының тікелей сатылған.

Компания өкілдерінің айтуынша, көрмеге қатысу жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және өнімге деген сұранысты бағалауға мүмкіндік берген.

– Жобаның ең маңызды бағыттарының бірі – мобильді өрт сөндіру тіркемесін жасау. Бұл – жеңіл автокөлікке тіркелетін әмбебап өрт сөндіру кешені. Тіркеменің негізгі мақсаты –  өрт ошақтарын жылдам оқшаулау, әсіресе орманды аймақтарда, өзен аңғарларында және жетуі қиын жерлерде. Жабдықтың басты ерекшелігі –  оны пайдалану үшін кәсіби өрт сөндіруші болу міндетті емес, – дейді компания директоры. 

Никита Попов бұл жүйені кез келген адам қолдана алатынын атап өтті: тіркемені оқиға орнына жеткізіп, жабдықты іске қосу жеткілікті.

Жүйе су негізінде жұмыс істейді, ал қажет болған жағдайда арнайы химиялық қоспалар қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өртті бастапқы кезеңінде тез тоқтатуға мүмкіндік береді.

– Қазіргі уақытта өнімнің атауы толық бекітілмеді, бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Дегенмен негізгі концепция – «жеңіл автокөлікке арналған әмбебап мобильді өрт сөндіру тіркемесі», – деді ол. 

Компания өкілдері өрт сөндіру жабдығын шетелден әкелмей, Павлодар қаласында өндіруді жоспарлап отыр.

Бұл бағытта қазіргі уақытта сертификаттау рәсімі жүргізілуде. 2026 жылы енгізілген жаңа талаптарға байланысты тауар өндірушілер тізіліміне кіру процесі күрделенген. Соған қарамастан компания бірнеше өтінім беріп, олардың қаралуын күтіп отыр.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда мұндай өнімді өндіретін кәсіпорындар жеткілікті, алайда нарықта отандық балама аз. Сол себепті бұл жоба импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Компания өкілдері жаңа өнімнің бағалық артықшылығын да атап өтті. Ресейлік аналогтардың құны бес миллион теңгеден асса, отандық нұсқа шамамен төрт миллион теңге деңгейінде ұсынылады.

Компания басшысы бұл салада 10 жылдан астам тәжірибеге ие. Алғашқы кәсіпкерлік қадамдары шамамен алты жыл бұрын басталып, төрт жыл бұрын компания ресми түрде тіркелген.

Кәсіпорынның дамуына мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері маңызды рөл атқарған. Осы бағдарламалардың арқасында өндіріс жолға қойылып, жеткізушілермен байланыс орнатылған.

Бүгінде компанияда 26 қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа бағыттарды игеруге ұмтылуда.