Павлодар облысындағы Коряковка көлі суға толуы мүмкін бе?
Көлден тұздың алынған жерлері байқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұл туралы ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Павлодар облысына барған жұмыс сапары кезінде айтты.
– Коряковка көліне өткен аптада бардық. Биыл су аз жыл. Коряковка көлі тасқын сулардан толығады. Яғни, көлдің суға толатын көзі жоқ. Осы жылы ауа-райы өте құрғақ, тиісінше, булану деңгейі де жоғары. Жауын-шашынның жоқтығынан көл тартыла бастады,– дейді Зүлфия Сүлейменова.– Келесі жылы жауын-шашын көп болса, көл қайтадан толығады.
Зүлфия Сүлейменова Коряковка көліне барған кезде тұзды шығару мүмкін жүк машиналардың іздері табылмағанын айтты. Десе де Коряковка көлінен тұздың алынған жерлері байқалды. Тұзды жергілікті тұрғындар өздері алып отырғаны анықталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде тұрғындардың Коряковка көлін құрғатып, түбіндегі тұзды қапқа салып әкетіп жатқаны жарияланған болатын. Экология министрлігінің өкілдері Павлодар ауданында орналасқан Коряковка көліне бұл жағдайды тексеру үшін барған еді. Сапар қорытындысы бойынша көл аумағын көлік шиналарынан тазарту, учаскелік инспекторларға көлдің аумағына автокөлікпен кіруді бақылауды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.
Фото: Константин Шелков