Павлодар облысында миллиондаған көшет жерсінбей қалған

Павлодар облысында миллиондаған көшет жерсінбей қалған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Десе де, өңірде орман қоры аумағын ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында мемлекеттік орман қоры аумағын ұлғайту және орманды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл күзгі маусымда 564 гектар жерге 3,2 миллион көшет отырғызылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен шамамен 446 миллион теңге бөлінген.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың мәліметінше, орман отырғызу жұмыстары 2021–2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде. 

Қазір көшет отырғызу жұмыстары үш орман мекемесінің аумағында жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Павлодар орман мекемесінің Ямышев орманшылығында 165 гектар, Максим-Горький орман мекемесінің Песчан орманшылығында 242 гектар жерге көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Ал Үрлітөбе орман мекемесінің Қайыңды орманшылығында 157 гектар аумаққа көшет отырғызу аяқталған.

Басқарма басшысының айтуынша, орманды қалпына келтіру кезінде өңірдің табиғи-климаттық жағдайына бейім ағаш түрлері таңдалады.

– Орманды қалпына келтіру жұмыстары аясында негізінен кәдімгі қарағай мен қарағаш көшеттері отырғызылады. Қарағай көшеттері Ресей Федерациясынан, ал қарағаш Ақмола облысындағы «Қазақстан орманы» ЖШС тұқымбағынан жеткізіледі. Бұл ретте жергілікті топырақ-климаттық жағдайларға қолайлы отырғызу материалдары пайдаланылады, – деді Сағын Төлеутаев.

Өткен жылдары облыста орман алқаптарын қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген. 2021–2025 жылдар аралығында жалпы ауданы 2,9 мың гектар жерге 16,4 миллион көшет отырғызылған.

Алайда отырғызылған көшеттердің жерсіну көрсеткіші әр жылы әртүрлі болған. Мәселен, 2021–2023 жылдары отырғызылған көшеттердің 540,8 гектар аумақтағы 3 миллион данасы жерсінбеген. Ал 2024 жылы отырғызылған көшеттердің жерсіну деңгейі 40–50 пайызды ғана құраған.

2024 жылы 1 250,1 гектарға 6,8 миллион көшет отырғызылса, 2025 жылы 1 150 гектар аумаққа 6,5 миллион көшет егілген. Былтыр отырғызылған көшеттердің жерсіну көрсеткіші биыл күзде анықталады.

Биылғы орман отырғызу науқанына облыстық бюджеттен шамамен 446 миллион теңге бөлінген. Жұмыстарға 170-ке жуық адам, 34 трактор және 34 бірлік арнайы жабдық тартылған.

Ал 2027 жылы кешенді жоспарға сәйкес облыста тағы 1 274 гектар аумаққа орман дақылдарын отырғызу жоспарланып отыр.

Орманды қалпына келтіру жұмыстары өңірдегі орман алқаптарын ұлғайтуға, табиғи ресурстарды сақтауға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Еске сала кетейік, облыста өрттен зардап шеккен жерлерге қарағай көшеті отырғызылады.