Павлодар облысының әкімдігінде пилотсыз ұшатын аппараттар таныстырылды
Дрондардың көмегімен өрттің орнын тез анықтауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Асайын Байханов дрондардың көмегімен орман және дала алқаптарындағы өрт ошақтарын жедел анықтау жобасын ұсынған Ш. Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының өкілдерімен кездесті.
- Мұндай жоба біздің өңір үшін өзекті. Облыстағы 9 ауданның аумағынан мемлекеттік орман қорының жерлері өтеді, онда биыл 40 табиғи өрт тіркелген. Өрт ошақтарының аумағын жедел анықтау және тиісті шаралар қабылдау үшін жағдайға талдау жасау - біздің тілсіз жаумен күрестегі басты міндетіміз, - деді кездесуде аймақ басшысы.
Мамандардың пікірінше, басқарылатын авиацияны пайдалану өрт ошақтарын жылдам табуға мүмкіндік береді. Дрондар дәстүрлі әдістерді қолдану қиындық туғызатын жерлерге тез жете алады.
Кездесудің қорытындысы бойынша өңір басшысы мемлекеттік қор аумағында пилотсыз ұшатын аппараттарды қолдану жұмыстарын ұйымдастыруды талдау үшін институт өкілдерін облыстық орман шаруашылықтарына апаруды тапсырды.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев