Екібастұзда прокурорлар инвесторға жобаны жеделдетуге көмектесті
Әкімдіктің екі қызметкері жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда ферроқорытпа зауытын салып жатқан «ЕкібастұзФерроҚорытпа» ЖШС облыстық прокуратурадан көмек сұраған. Кәсіпорын келіп түсетін құрал-жабдықтар көлемінің қысқартылғанын жеткізген. Сонымен қатар теміржол рельстерін салудағы мәселелердің шешілмеуі салдарынан құрылыс-монтаж жұмыстары да кешіктірілген.
– Облыс әкімдігіне ұсыныс енгізілді. Жергілікті атқарушы органдар инвестордың заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдады, – дейді облыстық прокуратурада.
Екібастұз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы мен осы бөлімнің сектор меңгерушісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, облыстық прокуратураның фронт-офисі отырысында шетелдік мамандардың шақырылуын бекіту тәртібі қаралды. Олар технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстарын жүргізетін болады.
Айта кету керек, кәсіпорынды жергілікті кадрлармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Нақтырақ айтқанда, 300-ден астам мамандандырылған жұмысшыларды қажет етеді. «ЕкібастұзФерроҚорытпалар» ЖШС өндірісіне инвестиция ретінде 92 миллиард теңге салынды, бұл қаражат 800 тұрақты жұмыс орнын құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, мәселе туындаған жағдайда өңірдегі инвесторлар кәсіпкерлік құқығын қорғау жөніндегі мобильді топқа: 8-707-960-76-55, 31-50-75 хабарласа алады.