Павлодарда қайтыс болған адам дәрігердің қабылдауында болған
Аталмыш оқиға бойынша іс сотта қаралуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қауымдастықтың бюджет қаражаты мен активтерінің қалай жұмсалғанын тексерді. Нәтижесінде жалған қызмет көрсету фактілері анықталды.
Белгілі болғандай, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог және басқа да бейінді мамандардың қабылдауы құжат жүзінде қайтыс болған адамдарға «көрсетілген» болып шықты. Сонымен қатар, акушер-гинеколог дәрігердің консультациялары ер адамдарға жүргізілген.
– Одан бөлек, бір емдеу қызметі бірнеше рет рәсімделіп, соның негізінде қосарланған төлемдер жасалған жағдайлар да анықталды. Тағы бір маңызды мәселе – кейбір адамдардың тиісті біліктілігі мен сертификаттары болмағанына қарамастан, халыққа медициналық көмек көрсеткені белгілі болды, – деді облыстық прокуратурада.
Қазір құзіретті орган мамандарының қадағалау актілері негізінде барлық заң бұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге қажетті рұқсат құжаттарын алу және кінәлі тұлғаларды заң бойынша жауапкершілікке тарту шаралары қолға алынған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке келтірілген 100 миллион теңгеден астам шығынның орны толтырылды.Қазіргі уақытта сотта медицина саласында заңсыз кәсіпкерлік қызмет жүргізу арқылы 62 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты жымқыру және 41 миллион теңге көлемінде мемлекетке залал келтіру фактілері бойынша екі қылмыстық іс қаралуда.