Павлодар облысының ауыл тұрғындарына пайызсыз несие беріледі

Павлодар облысының ауыл тұрғындарына пайызсыз несие беріледі
Фото: Константин Шелков

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Ол Ақтоғай ауданына барып, «Ауыл аманаты» жобасының қалай жүзеге асырылып жатқанын анықтады. Облыс орталығында Ералы Тоғжанов жұмыстың аралық қорытындылары туралы айтып берді.

Ол аймақтың қол жеткізген жақсы нәтижелерін атап өтті. Облыс ауылдарында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 12 пайызға төмендеді, бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артқанын көрсетеді. Табыс 25 пайызға өсті, жұмыссыздар саны үш мың адамға дейін азайды. Сонымен бірге Ералы Тоғжанов өңір әлі де жұмыс істеуі тиіс мәселелерге тоқталды.

– Мен облыстың ірі агробизнесінің өкілдерімен кездесу өткіздім. Олар тауарлық несиелеу жобасын бастауға дайын екендіктерін білдірді, бұл – кепілсіз, пайызсыз тауарлық несие. Ол аз қамтылған ауыл тұрғындарына берілетін болады. Ауылдағы несиелендірудің жоғары деңгейі туралы бәріміз білеміз. Үш компания қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл ретте, сапар барысында біз оның басталғаны туралы жариялаймыз, – деді ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі.

«Достық үйінде» Ералы Тоғжанов қалалар мен аудандардың әкімдерімен, облыстық басқармалардың басшыларымен кеңес өткізді. ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі әрбір аудан мен ауылдық округ үшін әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.

–  Бұл біздің азаматтарымызды азық-түлікпен қалай қамтамасыз етуге байланысты маңызды мәселе. Екіншіден, Павлодар облысы кооперативтерді ұйымдастырумен айналысуы тиіс. Бұл тәжірибе басқа аймақтарда бар және жақсы нәтиже көрсетеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында «Бір ауыл – бір кооператив» қағидаты қабылданды. Кооперативтер халыққа қызмет көрсететін құрылымға айналуы тиіс, –  дейді Ералы Тоғжанов.

Зерттеулерге сәйкес, Павлодар облысының тұрғындары өнімнің 65 түрін тұтынады, оның 20 түрімен өздерін қамтамасыз етеді. Ералы Тоғжановтың пікірінше, бұл жақсы көрсеткіш, бірақ өңір тұрғындарын қамтамасыз етуге болатын және қамтамасыз етілуі қажет қалған 45 өнім түріне назар аудару қажет.