Павлодар ауданында кірме жолдың жөнделуі бір жылға созылып кетті
Мердігерлер былтыр айтылған ескертулерді әлі де жоймаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Павлодар филиалы мамандары «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігімен бірге Павлодар ауданының Жаңақала ауылының кірме жолына мониторинг жүргізді. Сапа орталығының инженері жол бөлігін қарап шыққаннан кейін, кемшіліктерді анықтады.
– Бүкіл учаске бойынша жол жиегінің төмендеуі байқалады. Жолды 4-техникалық санаттағы автомобиль жолының техникалық параметрлеріне жеткізілмеген. Сондай-ақ, асфальтбетон жабынының көлденең және бойлық жарықтары байқалады. Жолдың жиек бөлігінде жарықтар, қабыршақтану және сыну бар,– деді орталықта.
Естеріңізге сала кетейік, ұзындығы 1,2 шақырым Жаңақала ауылына кіреберіс жолының жөндеу жұмыстары өткен жылы жүргізілген болатын. Содан кейін сапа орталығының мамандары мердігерге анықталған ақауларды жоюды ұсынды. Алайда, бір жыл өткеннен кейін жарықтар мен басқа да кемшіліктер өзгеріссіз қалды. Жөндеу жұмыстарын «TAVANI» ЖШС мердігерлік ұйымы орындады.
Өз кезегінде тапсырыс берушінің өкілі кепілдік міндеттемелер шеңберінде барлық ескертулер мен ақауларды жоюға уәде берді.