Павлодар облысының «Жасыл ел» штабы республика бойынша ең еңбекқор деп атанды
Ал Екібастұз еріктілері биылғы жылдың серпіні болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 21-еңбек маусымының ресми жабылу рәсімі өтті. Биылғы шара дәстүрлі форматтан бөлек, «Jasyl party» стилінде ұйымдастырылып, жас сарбаздар үшін мерекелік атмосфера мен арнайы мәдени бағдарлама ұсынылды. Іс-шара облыстық «Жасыл ел» штабының бастамасымен және облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті.
Жабылу рәсіміне ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов қатысты. Ол жастарға алғысын білдіріп, биылғы еңбек маусымының аймақ үшін маңызды болғанын атап өтті.
– Биыл маусымға шамамен екі мыңға жуық жас қатысты – бұл белсенді де креативті жастардың нағыз армиясы. Олардың еңбегін, энергиясын көріп, шын қуанып отырмын. Бүгінгі шара – олардың үлкен еңбегіне көрсетілген құрмет, – деді ол.
Еңбек маусымында өңірде екі мыңға жуық жас экологиялық, құрылыс және волонтерлік бағыттарда жұмыс істеді. Соңғы 20 жыл ішінде өңір бойынша қырық мыңнан астам жас «Жасыл ел» қозғалысының қатарында еңбек етіп үлгерген.
Облыстық штабтың жетекшісі Русана Сулаймонова биылғы маусымның нәтижесі ерекше жоғары болғанын алға тартты.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзден аса ірі іс-шара өткіздік. Жас сарбаздардың күшімен 2000 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар қалалар мен аудандарда ағаш күтімі, гүлзарлар мен саябақтарды абаттандыру жұмыстары жүзеге асты, – деді ол.
Оның айтуынша, аймақ республика көлемінде «Ең еңбекқор штаб» номинациясын иеленді.
Осы жылы алғаш рет енгізілген «Жыл серпіні» номинациясын Екібастұз штабы жеңіп алды. Бұл жетістік – ауылдық аймақтарды еңбек жасақтарына белсенді тартуының нәтижесі.
Екібастұз штабының өкілі, жас командир Зарина Халикова ауыл балаларының белсенділігін ерекше атап өтті.
– Біз ауылдық округтерден 50 баланы тартып, күн сайын байланыста болдық. Олар екі сағаттық жұмысқа қатысып, фото және видео есептер жіберіп отырды. Ауладағы тазалық, ағаш кесу, ретке келтіру сияқты жұмыстарды атқарды, – деді жас командир.
21-еңбек маусымының негізгі жобалары: «Таза Қазақстан» республикалық акциясы, Jasyl Cross-2025, World Cleanup Day, «Jasyl school» экосабақтары, сакралды орындарға экскурсиялар, экологиялық квесттер, челлендждер.
Штаб өкілдерінің айтуынша, барлық жұмыстарға мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының жастары қатысқан.
Жабылу рәсімінде бес номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды: «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Үздік волонтер», «Үздік жасақ», «Үздік штаб». Барлығы 17 жас арнайы статуэтка, диплом және брендтік свитшоттармен марапатталды.