Ертіс ауданында ауладан жоғалған бала табылды

Үш жасар сәбиді тәртіп сақшысы байқап қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Ертіс ауылының тұрғыны алғыс айтып, хат жолдаған. Отбасы өз хатында учаскелік полиция инспекторы Попов Александр Александровичке алғыс білдіреді.
– Түстен кейін үш жасар ұлым аулада ойнап жүрген. Үйге бірнеше секундке кіріп шыққан едім, ұлым аулада болмады. Өздігімізден іздеу оң нәтиже бермеді. Баламның есік алдынан шығып, адасып кеткені белгілі болды, – дейді хаттың авторы.
Осы уақытта учаскелік инспектор Александр Попов әкімшілік учаскені айналып өтіп, ересектерсіз жалғыз жүрген кішкентай баланы байқаған. Ол тоқтап, баламен тілдескен. Оның жоғалғанын білгеннен кейін сәбиді қолынан ұстап, көшеде жүрген.
Біраз уақыттан кейін бала өз үйін танып, қуанып айқайлай бастаған.
– Оның дауысын естігеннен кейін жолға қарай жүгірдім. Ұлыма бей-жай қарамағаныңыз үшін және көмек бергеніңіз үшін рақмет. Сіз сияқты адамдар қиын сәттерде нағыз тірек болады, – деп жазады жоғалған баланың отбасы Қалымжановтар.
Полицейлер балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Ересектердің бақылауысыз қалған бала әрдайым қауіпті түсіне бермейтінін есте ұстаған жөн.