Павлодарлық жол мамандары ауыл оқушыларына кәсіби бағдар берді
Кездесуге ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауқымды онлайн-кездесуді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Павлодар облыстық филиалының қызметкерлері ұйымдастырды. Іс-шараға 300-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысты.
Кездесуге Шарбақты, Аққулы және Ертіс аудандарындағы 70 мектептің оқушылары қосылды.
Жол саласының мамандары түлектерге автожол саласындағы сұранысқа ие мамандықтар, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстандағы бейінді білім беретін жоғары оқу орындары туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында жол саласындағы білікті кадр тапшылығы мен бұл бағыттағы мамандардың еңбек нарығындағы жоғары сұранысына ерекше назар аударылды.
Сарапшылардың айтуынша, жол саласы – Қазақстандағы ең қажетті мамандықтардың бірі.
Оқушыларға мансаптық өсу мүмкіндіктері, тұрақты жұмыспен қамтылу және бұл мамандықтың ел инфрақұрылымын дамытудағы маңызы түсіндірілді.
– Жол жөндеуші мамандығы – қай уақытта да сұранысқа ие кәсіп. Бұл мамандық ерлерге де, әйелдерге де бірдей маңызды. Осы саланы таңдаған адам ешқашан жұмыссыз қалмайды, – деді филиал директоры Ақылбек Қабылдин.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кәсіби бағдар беру кездесулері мектеп оқушыларына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға және өмірлік бағытын айқындауға көмектеседі.