Павлодар – Семей тас жолындағы жол-көлік оқиғасында бес бала зардап шекті

Олар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 17 мамыр күні Павлодар – Семей тас жолында Байдала ауылының маңында екі көлік соқтығысты.
– Жол-көлік оқиғасы туралы шақырту сағат 17:12-де түсіп, оқиға орнына жедел түрде екі «103» бригадасы және апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жіберілді. Медициналық қызметкерлер шақырту түскен соң 9 минут ішінде оқиға орнында болды. Бес бала – 2014 және 2017 жылы туған ұлдар, 2021, 2022 және 2024 жылы туған қыздар – 31 жастағы анасымен бірге облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Тағы екі ересек адам – 1989 және 1993 жылы туған ер адамдар Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді, – делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаменті тексеріс жүргізуде.
Дәл осы уақытта Екібастұз қаласына кіреберісте көлік жол жиегіндегі қоршауға соғылды. Апат салдарынан 1990 жылы туған ер адам, 1992 жылы туған әйел және 2018 жылы туған бала зардап шекті. Барлығы жергілікті ауруханаға жеткізілді.