Екібастұз мәслихаты қалалық бюджетке өзгерістер енгізді

Екібастұз мәслихаты қалалық бюджетке өзгерістер енгізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бюджетке облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес трансферттер мен қарыз қаражаттары бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен ХХХІV сессиясына төрағалықты Нияз Макраев жүргізді, жұмысына қала әкімі Аян Бейсекин қатысты.

– Депутаттар қалалық бюджетке енгізілетін өзгерістерді мақұлдады. Павлодар облыстық мәслихатының 2025 жылғы 30 қыркүйектегі шешіміне сәйкес, салық салынатын базаны есептеу үшін контингент ұлғайтылды, сондай-ақ жоғары тұрған бюджеттерден трансферттер мен қарыз қаражаттары бөлінді. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына түзетулер қолданылды. Сондай-ақ, Солнечный және Шідерті кенттері әкімдерінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамы бекітілді, – деді қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Қала әкімдігі сессияда Екібастұз қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көмуге арналған тұрғындар үшін жаңа тариф жобасын ұсынып, оны түсіндірді. Инфляцияға қарамастан, тарифтер 2023 жылдан бері өзгеріссіз қалған. Ұсынылған шешім қаланы санитарлық тазарту бойынша тұрақты және сапалы жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған.