Павлодар облысында ағаш отырғызу көрсеткіші неге төмен?

Павлодар облысында ағаш отырғызу көрсеткіші неге төмен?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «2 миллиард ағаш отырғызу» бағдарламасының орындалуы күткен нәтижеге жетпей отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орман шаруашылығы мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану тиімділігінің мемлекеттік аудитінде ревизиялық комиссия мүшесі Анар Мұратованың айтуынша, мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 3,5 млрд теңге болатын төрт негізгі нысан қамтылған. Алайда, орман алқабын ұлғайту және отырғызылған ағаштардың нормативтік деңгейде жерсінуін қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша индикаторларға қол жеткізілмеген.

– 2022 жылы ағаштар 352,7 гектар аумаққа отырғызылды, алайда 2023 жылғы тексеру нәтижесінде олардың орташа жерсіну пайызы бар болғаны 13 пайыз болды. Әсіресе, Павлодар мекемесінде көрсеткіш ең төмен – бес пайыз, Максимо-Горьковское мекемесінде жерсіну мүлдем тіркелмеген, ал Үрлітүп мекемесі ең жоғары нәтиже – 34 пайыз көрсетті. 2023 жылы отырғызу көлемі 68,1 гектарды қамтыды, бірақ бірде-бір ағаш жерсінбеген, – деді ол.

2024 жылы отырғызу көлемі 1250 гектардан асып, көрсеткіштер біршама жақсарды. Күзгі түгендеу кезінде Үрлітүп мекемесі 70 пайыз нәтижеге жетсе, Павлодар (51,4 пайыз) мен Максимо-Горьковское (68 пайыз) нормативтен төмен болып қалды. Дегенмен, 2022–2023 жылдары көшеттердің жерсінбеуі салдарынан 43,5 млн теңге тиімсіз жұмсалды.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев мәселенің бірнеше себебін атады.

– Орман отырғызатын орындар дұрыс таңдалмаған, өйткені бізде орман қоры жоқ, ағаштар жайылымдық жерлерге отырғызылып жатыр. Сонымен қатар тәлімбақтардың мүмкіндігі шектеулі. Көшеттер Ресейден, Семейден, Челябинсктен жеткізіледі, бірақ олардың сапасы күмәнді – қағазда бәрі дұрыс болғанымен, іс жүзінде жартысы қурап қалады. Жеткізушілердің кепілдігі шартта көрсетілмеген. Бұған қоса, отырғызылған ағаштарды күту қарастырылмаған: суару мен қосымша күтімге қаржы бөлінбейді. Нәтижесінде жазда жаңбыр болмаса немесе қыс қатты болса, көшеттер қурап кетеді. Республика бойынша орташа жерсіну деңгейі 39–40 пайыздан аспай тұр, – деді ол.

Бұл ретте, тәлімбақтары бар аймақтарда жағдай әлдеқайда жақсы екенін атап өтуге болады. Мәселен, Баянауылда тұқымнан өсірілген көшеттердің жерсіну көрсеткіші 87–88 пайызға жеткен.

Ол сондай-ақ алдағы екі жылда 8,5 миллион ағаш отырғызылатынын атап өтті. Тапсырманы орындау үшін күтім жұмыстарын түзету және суаруды қамтамасыз ету қажет, бірақ бұл шығындар ағымдағы бюджетте қарастырылмаған.