Павлодар тұрғындарын қарағайлардағы жұлдызқұрттар алаңдатты

Павлодар тұрғындарын қарағайлардағы жұлдызқұрттар алаңдатты
Фото: pixabay.com/makamuki0

Демалушылар Шалдай қарағайлы орманындағы ағаштардың жағдайын видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кадрлардан қарағайларда жұлдызқұрттардың пайда болғанын көруге болады. Бұл орман зиянкестерінің таралуынан қауіптенген тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды.

Жағдайға қатысты павлодарлық қоғам өкілдері де өз пікірлерін білдірді.

«Эком» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мұндай көрініс екінші жыл қатарынан байқалып отырғанын атап өтті. Ұйым мамандарының пікірінше, биыл орманның зақымданған аумақтары кеңейіп жатқан болуы мүмкін.

- Егер дер кезінде шара қолданбаса, ағаштар әлсіреп, қурай бастайды. Орман өрттерінің қаупі артып, зиянкестер орманның басқа бөліктеріне таралуы мүмкін, - деп атап өтті бірлестік өкілдері.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары видеода қарағай жібек көбелегінің қуыршақтары бейнеленгенін түсіндірді.

- Бұл жәндік өткен жылдан сақталып қалған. Былтыр жылы зиянкес ошақтары анықталған аумақтарда авиациялық химиялық өңдеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша оның биологиялық тиімділігі 65 пайызды құрады, - деді резерваттың ғылым бөлімінің басшысы Арман Жүнісов.

2025 жылдың маусым айында АН-2 ұшақтары «Диурон» инсектицидімен 13 мың гектардан астам орман алқабын өңдеді. Бұл қарағай жібек көбелегінің таралу ошақтарын едәуір азайтуға мүмкіндік берді.

Қоғам белсенділері уәкілетті органдар орманды тексеруді жалғастырып, жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда зиянкестердің таралуын шектеу шараларын қабылдайды деп үміт білдірді.

Резерват мамандары авиациялық химиялық өңдеу жұмыстары биыл да жалғасатынын хабарлады.