Павлодарда қалдықтарды сұрыптаудың бірыңғай басқару жүйесі бар ма?

Павлодарда қалдықтарды сұрыптаудың бірыңғай басқару жүйесі бар ма?
Фото: Константин Шелков

Оны әзірлеуге басты назар аударылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Облыс аумағында шыны, батарейкалар және табиғи қоқыстарды өңдеу мәселесі әлі де өзекті.  Қоғамдық кеңес мүшесі Марина Регатунованың сөзінше, жұмыс жүріп жатқан сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, кішігірім бастамалар әлі де басты мәселенің шешімін таппай отыр.

– Өңірде қалдықтарды сұрыптаудың бірыңғай басқару жүйесі жоқ. Статистикалық ақпараттар шындықты көрсетпейді, тиісті бақылау мен есеп жоқ және процестің барлық қатысушылары арасындағы өзара әрекеттесудің заңды тетіктері пысықталмаған, — деді Марина Регатунова облыстық қоғамдық кеңесте.

Қаржыландыруға төрт жоба берілді: қалада қоқыс желісін салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жабдықтарды сатып алу, қағаз бен картон өндіретін зауыт құру, сондай-ақ екі кезеңнен өткен және қаржы алуға дайындалып жатқан пайдаланылған аккумуляторлық батареяларды қайта өңдеу жобасы.

Қоғамдық кеңес мүшелері негізгі бағыттардың бірі қалдықтарды сұрыптаудың бірыңғай басқару жүйесін әзірлеу екендігін атап өтті. ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес оны іске асыру аудандар мен қала әкімдіктеріне бекітілген. Іс-шаралар жоспарына қоқыстарды шығару тарифтерін қалыптастыру, тұрғындардан қалдықтарды жинауды жүйелеу, контейнерлер сатып алу және рұқсат етілмеген полигондарды жою кіреді.

– «Сортировочный центр» кәсіпорны қалада қоқыс өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі – қоқыс сұрыптау желісінің құрылысы. Екіншісі – халықтан қалдықтарды жинауды, сұрыпталған материалдарды престеуді қамтитын қайта өңдеу кешенін іске қосу, – деді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев.

Іске қосылатын жаңа зауыттың арқасында облыс аумағында қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінде елеулі өзгерістер күтілуде.

Қазір облыста тозған шиналарды қайта өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Екібастұзда құрамында сынап бар шамдар мен қалдықтарды қайта өңдеу жолға қойылған, ал Ақсуда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жүзеге асырылып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін зауыт құрылысында ең соңғы ecofriendly технологияларды қолдану талап етілген еді.