Еріктілер Баянауылдағы жартастардағы суреттерді өшіруге аттанды
Олар петроглиф тарихи ескерткішін вандалдық жазудан тазартпақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еріктілер 8-12 тамыз аралығында «Эко week» жобасы аясында Баянауыл жеріндегі вандалдық әрекеттердің кесірінен зардап шеккен петроглиф тарихи ескерткіштерін қалпына келтіреді. «Бірге» волонтерлік фронт офисінің жылда жаз айларында Баянауыл ауданындағы жартастарға салынған суреттерді жою жұмыстармен шұғылданады.
– Облысымыздың маржанына айналған Баянауыл өңіріне мыңдаған турист елімізден ғана емес, шетелден де демалуға келеді. Ерекше табиғаты бар ұлттық парк аумағында, өкінішке қарай, жауапкершілігі төмен, надан адамдар тау-тасқа түрлі бояулармен жазу жазып кетеді. Оның тек қана табиғат көркіне емес, экологиялық зияны да жетерлік. Бояу тиген жерге ешқашан мүк өспейді. Яғни тау-тас эрозияға тезірек ұшырайтын болады. Былтыр осы жобаны эксперимент ретінде жасап көрдік. Биыл да қолға алып, бір жұманың көлемінде әр ауыл-аймақтан келген және баянауылдық волонтерлермен біріге отырып, сол жердегі жазуларды өшіруге тырыстық, – деді «Бірге» волонтерлік фронт офисінің жетекшісі Еркебұлан Күнтуған.
Оның айтуынша, бұл жазулар тегіс қабырғаларға жазылмағандықтан, оны өшіруде өзінің қиын кезеңдері бар. Күннің көзінің әсерінен бояулар тасқа сіңіп қалған. Сондықтан да, химиялық сұйытқыштарды қолдана отырып, электр жабдықтар арқылы жұмыс істеледі.
– Бір әріпті өшірудің өзі жарты сағат уақыт алады. Ал ондай жазулар өте көп. Әрине, ол - қиын жұмыс, бірақ табиғаттың көркемдігін сақтап қалуға деген кішкентай болсын қосқан үлесіміз деп білеміз. Өңірдің аудандарынан жиналған 20-дан астам волонтер тарихи маңызы бар ескерткіштерді тазартуға жиналған. Осы жобаны облыс төңірегінде өткізгеннен кейін Қарағанды облысы мен Алматы қаласы іліп әкетті. Ол жақта да табиғатқа нұқсан келтірілген жазулар көп. Болашақта демалушылар біздің еңбегімізді көріп, мұндай әрекетті жасамаса екен деген ниетіміз бар, – дейді ол.
Волонтерлік жұмыстың 50 пайызы қарттарға көмек көрсетумен жүзеге асырылады. Облысымызда жалғызбасты, көмекке мұқтаж қариялар өте көп. Сондықтан қарияларға көмек көрсету бойынша жыл он екі ай қызмет жасалады. Әр жалғызбасты үлкенге бір бастамашыл волонтерлік топтан бекітілген.
– Апта сайын ауыр жұмыстарын, үйін тазалап, қыс мезгілінің алдында көмір түсіру, ағаш жару сынды жұмыстар атқарылады. Бұл – қолмен жасалатын іс. Сондай-ақ, волонтерлердің атынан «азық-түлік себетін» дайындаймыз. Оларды үлкендерге табыстап, әр мерекеде ұмытпай, құттықтап отыруға тырысамыз. Оған қоса, жеке үйлерде тұратындарға пешін тазалау, әйнек ауыстыру және тағы сол сияқты жұмыстарды атқарып көмектесеміз. Үш жылдың көлемінде волонтерлеріміз ағымдық жөндеу жұмыстарын жасап келе жатыр. Күн сайын осындай үлкендердің саны азайғанымен, сұраныс көбеюде. Апта сайын бір қариямыз хабарласып көмек қолын сұрайды. Бізде жұмыспен қамту басқармасында әлеуметтік қызметкерлер жалғызбасты қарияларға жағдайларын білуге барып тұрады. Ол кісілермен тікелей байланыстамыз, – деді Еркебұлан Күнтуған.
Айта кетерлігі, «Бірге» – мұндай игі жобаны алғаш бастаған топтардың бірі. Әр қалада түрлі айлықтар өтіп тұрады. Дегенмен осындай форматта ешкім жасамаған.