Павлодарлықтар плоггингте тонналап қоқыс жинады

Шара республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл Кросс–2025» экологиялық жүгіру жарысына қатысуға ниет білдіргендер Усолка шағын ауданындағы автомобиль көпірінің жанында жиналды. Шараға 300-ден астам павлодарлық қатысты. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар және белсенді қала тұрғындары болды. Қатысушылардың игі бастамасына облыс басшылығы қолдау білдірді.
– «Жасыл Кросс–2025» «Таза Қазақстан» акциясы өңірді абаттандыру айлығы аясында өтуде. Мақсатымыз – спорт пен экологияны ұштастыру. Қатысушылар қоқысты жылдамдыққа жинайды, ал ең белсенді командалар естелік сыйлықтар алады, – деді облыстық «Жасыл ел» штабының директоры Русана Сулаймонова.
Акцияның басты ерекшелігі – плоггинг форматы. Осылайша, спорт тек денсаулықты нығайтудың ғана емес, қоршаған ортаны қорғаудың да жолына айналды. Жыл сайын бұл форматқа қызығушылық танытқандар саны көбейіп келеді.
– Бала кезімнен қаламның таза болғанын қалаймын. Бүгін командамыз алты қап қоқыс жинады. Бұл – менің алғашқы тәжірибем, осы шара арқылы әлемді аз да болса жақсарта алғаныма мақтанамын, – деді қатысушы Айдана Рахимова.
«Жастар рухы» командасының қатысушылары да шараның маңыздылығын атап өтті.
– Бұрыннан спортқа жақын едім, сондықтан өзімді жаңа бағытта сынап көргім келді. Бүгін тобымызбен бес қап қоқыс жинап алдық. Осындай жүгірулерге барлығына қатысуға кеңес беремін, себебі, жаңа адамдармен танысасың, қоршаған ортаны тазалайсың, – деді команда мүшесі Айсұлу Нұрлыбек.
Плоггинг қорытындысы бойынша бірінші орынды «Ғажайып бестік» командасы иеленді. Екінші орынға «Қызыл ту» командасы жайғасты. Ал қалған командалар белсенділігі үшін Алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттарға ие болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram